Қазақстанда жылжымайтын мүлікті жалға беруге салынатын салық мөлшері өсуі мүмкін

Фото: depositphotos.com
Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жаныбек Нұржанов мүлікті жалға беруден түсетін табысқа салынатын салық мөлшерлемесін жеңілдетілген салық режимі бойынша жұмыс істейтін кәсіпкерлер үшін 2-4%-дан 10%-ға дейін көтеруге болатынын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
“Алдағы уақытта, бізде қызмет түрлерінің тізбесі бар, ол үкімет қаулысымен бекітіледі. Бұл жағдайға қарай, Салық кодексіне өзгертулер енгізбей-ақ, осындай мәселелерге дер кезінде әрі жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Егер жалға беру саласы жоғары табыс әкеліп жатқанын, ал салық мөлшері соған сай келмейтінін байқасақ, оны түзетуге уақытымыз болады. Сондықтан сіз айтып отырған 10 пайыздық мөлшерлеме туралы айтсам, мен оны қолдаймын. Бұл – менің жеке пікірім”, – деді Жаныбек Нұржанов.
Оның айтуынша, қазірдің өзінде жалға беруден түсетін табысқа салынатын салық мөлшерлемесінде айырмашылық бар.
“Мысалы, мемлекеттік қызметшілер заң бойынша мүліктік табыс алуға құқылы, яғни пәтерін жалға бере алады. Бірақ мемлекеттік қызметші пәтерін жалға берген кезде табыстан 10% төлейді. Ал жеке кәсіпкер 2–3% төлейді”, – деп еске салды ол.
-
Қазақстанда пәтер өзін-өзі ақтауы үшін оны қанша уақыт жалға беру керек
-
Ипотекадағы пәтерді жалға беруге бола ма: Қазақстандықтарға айыппұл салынуы мүмкін екені ескертілді
Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Қазақстанда жалға беруден түсетін табысқа небәрі 2–3% төлейтін шағын сауда үйлері бар екенін де атап өтті.
“Бізде шағын сауда үйлері бар, олар да 2–3% төлейді. Жалға беру – пассивті табыс. Ешқандай белсенділік жоқ. Ол бір рет нысан салды, содан кейін сол нысанды пайдалануға бергені үшін төлем алып отырады”, – деді ол.
Жаныбек Нұржановтың айтуынша, кейбір кәсіпкерлер жеңілдетілген салық режимі бойынша салықтық жеңілдіктерді пайдалана отырып, өз алаңдарын ірі компанияларға жалға беріп отыр.
Еске салсақ, елімізде үкімет мүшелеріне пәтерлерін жалға беруге рұқсат берілетіні туралы жазғанбыз.
Талқылау