Мексикада есірткі картелінің басшысы алтын табытпен жерленді
Фото: ULISES RUIZ / AFP
“Халисконың жаңа буыны” (CJNG) есірткі картелінің басшысы, Эль Менчо лақап атымен танымал Рубен Немесио Осегера Сервантес зиратқа алтын табытпен жеткізілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қаралы кортеж 2 наурыз күні таңертең Халиско штатының астанасы Гвадалахарадағы жерлеу бюросынан Ресинто де ла Пас зиратына келген. El Universal басылымның ақпаратына сәйкес, катафалкта алтын табыт көзге түскен, ал оны әкелетін кезде оркестр сүйемелдеген.
Жерлеу рәсімі жабық форматта ұйымдастырылған. Соған қарамастан, БАҚ өкілдері күн сәулесіне шағылысып тұрған табытты суретке түсіріп үлгерген.
Жерлеу кезінде зират аумағын аймақтық және федералдық деңгейдегі күштік құрылым қызметкерлері күзеткен. Ал жерлеу бюросының маңында армияның бронды техникасы тұрған. Катафалк жүріп өткен бағыт бойында блокбекеттер қойылған.
Журналистердің мәліметінше, Эль Менчоны алып келген зират сән-салтанатты жерлеулер өтетін орынға жатпайды: онда ірі мазарлар мен мавзолейлер жоқ, ал қабіртастар көбіне шөп үстіндегі кәдімгі бетон плиталардан тұрады.
Алайда дәл осы жерде есірткі әлеміндегі тағы бір белгілі тұлға – Гвадалахара картелінің негізін қалаушы Рафаэль Каро Кинтероның кейбір туыстары жерленген. Ол 1985 жылы АҚШ-тың Есірткіге қарсы күрес басқармасының қызметкерін ұрлап, азаптап, өлтіргені үшін 40 жылға сотталған.
22 ақпанда Мексика билігі Эль Менчо есімді есірткі картелінің басшысы ұсталғанын хабарлады. Қылмыскер күштік құрылымдармен қақтығыс кезінде алған оқ жарақатынан ауруханада көз жұмған.
Осы арнайы операциядан кейін ел бойынша жаппай автожолдар жабылып, көліктер мен кәсіпорындарды өртеу оқиғалары тіркелген. Бір тәуліктен кейін жағдай бақылауға алынған.