Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Біз таза екенімізге сенеміз" — Жәнібек Әлімханұлының менеджері мәлімдеме жасады

Берік СұлтанФото:Top rank

WBO және IBF тұжырымдары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлының спорттағы мансабы қазіргі таңда көп жанкүйерді алаңдатып отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

АҚШ-та 6 желтоқсан күні қазақстандық боксшы үш чемпиондық титулды біріктіру үшін Эрисланди Ларамен жұдырықтасуы керек еді.

Алайда жекпе-жекке бірнеше күн қалғанда VADA ұйымы допинг сынамасынан мельдоний анықталғанын хабарлап, қос боксшы арасындағы айқас өтпей қалды. Бұл жағдай тек қазақстандық жанкүйерлердің ғана емес, күллі әлемдегі бокс сүйер қауымның назарын аударды.

Осы оқиғадан кейін боксшының менеджері Берік Сұлтан алғаш рет түсініктеме беріп, жанкүйерлерге мән-жайды түсіндірді.

 "Құрметті жанкүйерлер, сұрақ өте көп. Сондықтан бәріне нақты жауап бергім келеді. Қазір баршаңызды жағдайдың қалай шешілетіні алаңдатып отыр. Ең алдымен, Жәнібектің және өз атымнан сіздерге алғыс айтқым келеді. Жат жұрт біздің қателігімізге қуанып, мансабымызға нүкте қойып жатқанда, өз жанкүйерлеріміз қолдау білдіріп, біздің кінәсіз екенімізге сеніп отыр", – деді Берік Сұлтан.

Сондай-ақ ол команда әрдайым таза спортты қолдайтынын және бұл жағдайдың олар үшін де күтпеген жайт болғанын атап өтті.

 "Бұл жағдай біз үшін де оңай болған жоқ. Қаншама тер, қаншама еңбек кетті. Осыншама жұмыс істеп, шыңға жақындаған сәтте осындай жағдайға тап болдық. Алғашында VADA бізден зәр мен қан сынамасын алды, бәрі таза шықты. Біз таза спортты қолдайтынымызды бұған дейін де айтқанбыз және ұстанымымыздан бас тартқан жоқпыз. Себебі Жәнібектің боксына Қазақстанда ғана емес, әлемде еліктейтін жастар бар. Сынамалардың нәтижелерін әлеуметтік желіде де жарияладық. Біраз уақыт өткен соң қайта келіп, тек зәр сынамасын алды. Ұшардан бірнеше күн бұрын осы мәселе хабарланды. Өзіміз де аң-таң болдық", – дейді менеджер.

Берік Сұлтан екі сынаманың арасында тамақтану мен витаминдерге ешқандай өзгеріс енгізілмегенін айтты.

 "Екі сынаманың арасында біз тамақты да, витаминдерді де өзгертпедік. Барлығы спортшыларға рұқсат етілген, қажетті қоспалар. Тіпті сол витаминдерді тексеруге бердік, бәрі таза. Бұл жағдайдың қалай болғанына әлі күнге дейін нақты жауап жоқ", – деді ол.

Менеджер Әлімханұлының таза екеніне сенетінін және бұл қиындықты да еңсере алатынын ерекше атап өтті.

 "Біз таза екенімізге сенеміз. Екінші сынама соны дәлелдейді деп үміттенеміз. Сол кезде мансабымызды жалғастырып, титулдарымызды сақтаймыз", – дейді Сұлтан.

Алайда ол В сынамасы да оң нәтиже көрсеткен жағдайда да команда берілмейтінін жеткізді.

 "Егер сынама оң нәтиже көрсетсе, Жәнібектен WBO және IBF титулдарын алып, жарты жылға немесе бір жылға дисквалификация беруі мүмкін. Бірақ ондай жағдайда да біз берілмейміз. Жәнібек небәрі 33 жаста. Кроуфорд 38 жасында Канелоны жеңді. Біз әлі талай белесті бағындырамыз", – деді менеджер.

Айта кетейік, Жәнібек Әлімханұлының менеджері Берік Сұлтан қазіргі таңда боксшы Қазақстанға келгеннін де айтты.

Боксшының B сынамасы 8 қаңтар күні ашылады. Қазіргі уақытта нақты шешім қабылданған жоқ. Спортшының мансабы дәл осы В сынамасының нәтижесіне тікелей байланысты болмақ.

Талқылау